«Дұрыс тамақтанудың құпиялары»

Бала денсаулығы – оның бақытты болашағының кепілі. Ал денсаулықты сақтаудың басты шарттарының бірі – дұрыс тамақтану. Дегенмен, балаларға көкөніс жеудің маңыздылығын, тәттіні шамадан тыс пайдаланбау және тамақтану режимін сақтау қажеттігін түсіндіру – оңай шаруа емес. Бұл жерде көмекке ойын арқылы оқыту тәсілі келеді.

   Осыны мақсат еткен «Дұрыс тамақтанудың құпиялары» атты интерактивті ойын бағдарламасы біздің Орталық тәрбиеленушілері үшін өткізілді.

Бағдарлама қызықты әрі қолжетімді түрде балаларға дұрыс тамақтану негіздерін түсіндіруге бағытталды. Байқаулар, жұмбақтар, қимылды ойындар мен көріністер арқылы қатысушылар тек көңіл көтеріп қана қоймай, пайдалы және зиянды тағамдарды ажыратуды, дәрумендер туралы, дұрыс мәзір құруды үйренді. Тіпті, зиянды әдеттерді "қайта тәрбиелеуге" де тырысты.

    Бағдарламаның ең әсерлі сәттерінің бірі — газдалған сусын мен чипстерді ұнататын, бұзық мінезді кейіпкер Қырсық қыздың шығуы болды. Балалардың білімділігі мен белсенділігі арқасында Қырсық қыз дұрыс тамақтанбаудың зардаптарын түсініп, өзінің әдеттерін өзгертуді шешті. Бұл театралды элемент балаларға үлкен әсер беріп, денсаулыққа қамқор болудың маңыздылығын жақсырақ ұғынуға көмектесті.

   Бағдарламаның қорытындысы – балалар тек көңілді уақыт өткізіп қана қоймай, теңгерімді тамақтанудың маңызын түсініп, алған білімдерін нақты әрекеттер арқылы бекітті. Бұл тәсіл балалардың есте сақтау қабілеті мен қабылдауына әлдеқайда тиімді әсер етеді.